ЖАҢАЛЫҚТАР
Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады

2 қаңтарда Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы жүздеген адам әкімдік алдына жиналып, қала орталығындағы жолды жауып, биліктен газ бағасын түсіруді талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзеннен хабарласқан азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы айтты. Оның сөзінше, қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілген.
– Былтыр пандемия кезінде 38 теңге болған газ кейін 50 теңге, содан соң 79-80 теңгеге көтерілді. Қаладағы газ сататын стансаларда көліктер тәуліктеп кезекте тұрғанымен газ жоқ. Ал міне 120 теңгеге көтерілгенде барлық стансада газ пайда болды, кезек те жойылды. Бірақ оны сатып алу мүмкін емес, елдің қалтасы көтермейді, - дейді жаңаөзендік белсенді.
Серік Бақтыбайұлының айтуынша, газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Арасында такси жүргізушілері мен көлігі жоқ адамдар да бар.
– Көлігі жоқ адамдар да келіп тұр. Өйткені олар газдың қымбаттауы ертең басқа да маңызды тұтыну тауарлары мен азық-түліктің қымбаттауына әкеледі деп санайды, – дейді Серік Бақтыбайұлы.
Серік Бақтыбайұлы Жаңаөзендегі наразылықты Facebook’тегі парақшасында видеоға түсіріп тұрды. Жиналғандар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.
– Газ өзімізден шығады. Ол жерде көбіміздің ағайын-туысымыз жұмыс істейді. Солар өндіріп отырған газдың бізге жетпеуі ақылға сыймайды. Алдымен өзімізді қамтамасыз етпей газды басқа жаққа, Ресейге шығармасын. Газ бағасы елдің жалақысына сай болсын. Бағасын 50 теңгеден асырмасын. "Жаңаөзен – бай қала" деген бос әңгіме. Азғантай топ қана мұнай саласында жұмыс істейді, – деді қала тұрғындарының бірі.
Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, әкімдік орналасқан орталық көшені жапты. Видеода тұрғындардың ешқайда тарамайтыны, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан энергетика министрлігінен адам келуін талап еткені көрсетілген. Олар "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, биліктен газ бағасын төмендетіп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады.
Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келді. Оның сөзінше, қала әкімі Мақсат Ибағаров қазір кезекті еңбек демалысында.
– Талапты қағазға түсіріп беріңдер, оны жоғары жаққа жеткіземін, – деді Ғалым Байжанов наразы халыққа.
Жиналғандар бұған дейін де ондай қағазды бірнеше жыл бойы жазып, жолдап келе жатқанын, сондықтан ешнәрсе жазбайтынын және талабы орындалмайынша тарамайтынын айтты.
Қаланың орталық бөлігінде интернет байланысы істемей қалғаны жайлы хабар тарады.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімдігіне хабарласты.
– Қазір бұл туралы ешқандай комментарий бере алмаймын. Газ бағасын реттеу әкімдіктің құзырында емес. Біз тек мониторинг жасап, қарап отырмыз жағдайды. Жолды жауып тастап тұр, өзіңіз көріп отырсыз ғой, – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов.
2 қаңтар таңертең басталған Жаңаөзендегі халық наразылығы әлі жалғасып жатыр. Түстен кейін Маңғыстау өңірінің өзге аудандарында да жұртшылық оларға қолдау білдірген. Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда тұрғындарға сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.
Атыраулық белсенді Макс Боқаев жексенбі күні Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңына шығып, жаңаөзендіктер талабын қолдаған. 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсылық білдіріп, наразылық жиынын өткізгеннен кейін 5 жылға сотталған, былтыр ақпанда түрмеден бостандыққа шыққан бұрынғы саяси тұтқын Боқаев Жаңаөзен тұрғындары негізі бар заңды талап қойып отыр деп біледі. Оның сөзінше, Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді.
Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен. Кейін қала әкімі Мақсат Ибағаров Жаңаөзенде газ 55 теңгеден сатылады деп уәде беріп, 52 кәсіпкермен сөйлескенін айтқан.
Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқа) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.
Жергілікті билік халыққа газ бағасының жиі құбылуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірде Қазақ газ өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысына сілтесе, енді бірде газ бағасын энергетика министрлігі бекітетінін айтқан. Ал зауыт басшылығы министрлік бекіткен газ бағасын зауыт электронды сауда алаңына шығарып пайда табуы керектігін көлденең тартады.
БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?
Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.
Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады, "электрон сауда-саттыққа көшу сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді", ол өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі дейді министрлік.
"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді" дейді министрлік.
Маңғыстау облыстық әкімдігі өңірдегі газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты ай сайын шығаратын 14,5 мың тонна газ аймақтағы сұранысты толық өтей алмайтынын, сол себепті 3,5 мың тонна газ облыстан тыс жерден жеткізілетінін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.
"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек" дейді Қартбаев. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында бөлшек саудада бір литр сұйытылған газды орташа есеппен 95-115 теңге атеңге ралығында сатылады.
"Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді, өйткені қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар" дейді Қартбаев.
Басқа да жаңалықтар
Иран Катардағы АҚШ-тың әуе базасына шабуыл жасады

Иран Катардағы АҚШ-тың әскери базасына алты ракетамен шабуыл жасады. Бұл туралы америкалық Axios агенттігі хабарлады. Reuters Катар астанасы Доха маңында будақтаған түтін көрінгенін жазды.
Артынша Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы Катардағы АҚШ-тың Аль-Удейд әуе базасына шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Катар сыртқы істер министрлігі бұл базадан алдын ала эвакуация жасалғанын, ешкім зардап шекпегенін айтады. Бұған қоса, министрлік Иран ұшырған ракеталар құлатылды дейді.
Израиль Иранның әскери нысандарына соққы жасады

23 маусымда Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Иранның әскери нысандарына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Израиль әскерилерінің айтуынша, алты аэродромға, қару қоймаларына және ракета жіберетін құрылғыларға соққы жасалған.
ЦАХАЛ басқа ақпарат таратпады. Иран билігі де бұл хабарламаға қатысты ештеңе деген жоқ. Ал Қызық жарты ай ұйымының Ирандағы бөлімшесі Тегерандағы кеңселерінің жанындағы ғимаратқа соққы болғанын айтады.
Израиль басылымдары Ирандағы Эвин түрмесінің қақпасына "символды соққы" жасалғанын жазып жатыр. Ирандағы ең қатты қорғалған түрмеде саяси тұтқындар, журналистер, белсенділер және шетелдіктер қамалған.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац ел әскері Тегеранға шабуылдағанын мәлімдеді. Шабуылдың мақсаты – «режимнің нысандары мен үкіметтің репрессиялы органдары» болған.
Иранның ислам революциясы сақшылары корпусына жақын дереккөздер Израиль Фордо уран өндіретін зауытына да шабуыл жасағанын айтқан. Кеше, 22 маусымда АҚШ та осы зауытты шабуылдаған.
23 маусымда Иран Израильге де шабуылдады. Елде дабыл қағылды.
Ресей армиясы Киевке шабуыл жасады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

23 маусымға қараған түні Украина астанасына Ресей күштері жасаған әуе шабуылының салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, 19 адам жараланған. Бұл туралы Киев қаласы билігі мен Украина бас прокурорының кеңсесі хабарлады.
Шабуыл салдарынан Шевченко ауданында бес қабатты тұрғын үйдің бір подъезі қираған. Қатар тұрған үйдің терезелері сынып, жақын маңдағы көліктер жанып кеткен.
Сонымен қатар Святошин, Соломен, Голосеев және Дарница аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, қоғамдық тамақтану, сауда орындары мен автокөліктер зақымданған.
Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, Киев облысында шабуыл салдарынан бір бейбіт тұрғын қаза тауып, сегіз адам жараланған.
Киев облысының Борисполь ауданында Ресей шабуылы салдарынан екі жеке үй жанып кеткен. Белацерков ауданында жеке және көпқабатты тұрғын үйлер бүлініп, медицина мекемесі орналасқан қонақүй ғимараты қираған. Буча ауданында төрт жеке үй мен үш автокөлікке зақым келген.
Херсон облысының Берислав қаласында ресейлік дрондар шабуылынан бір бейбіт тұрғын қаза тапқанын аймақ прокуратурасы хабарлады.
Жалпы, 22 маусымның кешінен бастап Ресей әскері Украина аумағына 350-ден астам дрон, 11 "Искандер-М/KN-23" баллистикалық зымыранын және бес "Искандер-К" қанатты зымыранын ұшырған.
Украина қарулы күштері бес қанатты және жеті баллистикалық зымыранды, оған қоса 146 дронды атып түсіргенін хабарлады.
Украина билігі мен халықаралық ұйымдар Ресей армиясының бұл шабуылдарын әскери қылмыс деп бағалайды. Ресей соғыс басталғаннан бері азаматтық нысандарға шабуыл жасамаймыз деп мәлімдеп келе жатыр.
Трампты сынаушылар АҚШ-тың Иранға жасаған әуе шабуылын заңсыз деп атады

Жексенбі күні бірнеше америкалық заң шығарушы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның ядролық нысандарына әуе шабуылын жасау туралы берген бұйрығы Конституцияға қайшы деп мәлімдеп, Конгресті Иранға қарсы болашақта болуы ықтимал әскери іс-әрекеттерге тосқауыл қоюға шақырды.
Конгрестің қос палатасын басқарып отырған республикалық партия өкілдері президенттің шешімін қолдап, Иранның ядролық нысандарын бомбалауды "қажет қадам" деп атағанымен, Конгрестегі демократтардың көбі және кейбір республикашылдар президентті сынға алды.
Сенаттағы демократтар фракциясы жетекшілерінің бірі Дик Дурбин президенттің әрекеті "Америка Құрама Штаттарын Таяу Шығыстағы соғыс табалдырығына жеткізді, әрі бұл Конституция талап ететін Конгрестің келісімінсіз жасалды" деп мәлімдеді. Демократ сенатор Тим Кейн Сенат пен Өкілдер палатасының мақұлдауынсыз әскери әрекет жасауға тыйым салатын қарарды дауысқа салатынын айтты. Конгрестегі басқа да демократтар осыған ұқсас мәлімдемелер жасады, кейбіреуі, мысалы Өкілдер палатасының мүшесі Александрия Окасио-Кортес, президенттің әрекеті импичмент жариялауға лайық деп біледі.
Республикашыл конгрессмен Томас Масси Трамптың шешімін "Конституцияға қайшы" деп атағаны Трамптың шамына тиді. Президент конгрессменнің өзін сынға алып, әлеуметтік желідегі өз парақшасына: "Масси – әлсіз, ешқандай пайдасы жоқ, тіпті жақсы ұсыныстарға да үнемі "жоқ" деп дауыс береді", – деп жазды.
АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары Трампты қолдайтын MAGA (Make America Great Again – Американы қайтадан ұлы елге айналдырайық) қозғалысының ішіне де жік салды. Президент Иранға әуе шабуылы жасалғаны жөнінде халыққа үндеу жасағаннан кейін, Трамптың бұрынғы жақын кеңесшісі әрі MAGA қозғалысының ықпалды тұлғасы Стив Бэннон бұл шешімді "көптеген MAGA мүшелерінің президенттен естігісі келгені бұл емес еді" деген.
Трамптың Конгресстегі ең белсенді жақтастарының бірі, Өкілдер палатасының мүшесі Марджори Тейлор Грин президенттің бұл шешіміне келіспейтінін, себебі ондай шешім АҚШ-ты соғысқа тартады деп есептейтінін айтты. Президенттің көптеген жақтастары Трамп АҚШ-ты "бітпейтін соғыстардан" шығару туралы сайлауға дейін берген өз уәдесін бұзды деп наразы.
Әйткенмен, сарапшылар атап өткендей, президенттің шешімін MAGA қозғалысындағы бірнеше беделді тұлға қолдады. "Республикалық партия бұрын-соңды болмаған бірлік танытып отыр", – деп мәлімдеді Трамп АҚШ-тың Иранға шабуыл жасаған күннің ертесіне.
АҚШ Иранға Ормуз бұғазын жабуға және қарымта шабуыл жасауға тырыспауды ескертті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Тегеранды Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылға қарымта қайтармауға шақырды. Ондай шабуыл "олар жасауы мүмкін ең үлкен қателік болар еді" деді Рубио. Бұған қоса ол Иран Ормуз бұғазын жабуға тырыспауы керек екенін айтты.
Парсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы арқылы күн сайын әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Жексенбі күні Fox News телеарнасының таңғы бағдарламасына берген сұхбатында Рубио бұғазды жабуға тырысқан кез келген әрекетке АҚШ қана емес, басқа елдер де жауап береді деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тегеранды бұғазды жабуға әрекет жасамауға көндіру жөнінде Пекинге қолқа салғанын айтты.
АҚШ Иранға қарсы әскери операция жүргізуді жоспарлап отырған жоқ және Тегеранмен келіссөздерді жалғастырудың мүмкіндігі бар екенін көріп отыр деді Рубио. Ол АҚШ Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылдардың мақсаты орындалды деп есептейді. "Оларда ядролық қару жасауға қажеттінің бәрі бар еді. Енді – жоқ", – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Бұған дейін NBC News телеарнасы Вашингтон Тегеран АҚШ-тың әуе шабуылына алдағы екі күнде қарымта қайтаруы мүмкін деп қауіптеніп отырғанын хабарлаған еді. Азаттықтың Парсы қызметінің ирандық БАҚ ақпаратына сүйеніп хабарлауынша, Иранның бір палаталы парламенті – Межлис үкіметтен Ормуз бұғазын жабуды талап еткен.
Азаттық журналисі Қырым түрмесінен бостандыққа шықты

Азаттық радиосы "Крым.Реалии" редакциясының журналисі Владислав Есипенко төрт жыл абақтыда отырғаннан кейін бостандыққа шықты. Ресей билігі Қырымды аннексиялаған соң оны Украинаның барлау қызметіне ақпарат жинады деп айыптап, түрмеге қамаған. Есипенко өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Ресей мен Украина азаматтығы бар Владислав Есипенконы Ресейге қарасты Қырым билігі 2021 жылы наурызда ұстады. 2022 жылы ақпанда Қырымдағы ресейшіл сот оны "тыңшылық жасады" деген айыппен алты жылға бостандығынан айырды. Кейін Мәскеудегі сот жаза мерзімін бес жыл етіп қысқартқан. Бұған қоса оған "жарылғыш заттар сақтады және тасымалдады" деген айыптар тағылды.
Азаттық радиосы мен адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар журналиске қолдан жасалған айыптар тағылды деп мәлімдеді. Сот процесінде Есипенко тергеушілер оған жалған айыпты мойындату үшін электрошок қолданып, азаптағанын айтып куәлік берді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының басшылығы журналисті босатуға атсалысқан АҚШ пен Украина үкіметтеріне алғыс білдірді.
"Владислав ешбір қылмыс жасамаса да төрт жылдан астам уақыт бойы негізсіз қамауда отырды. Оны Ресей басып алған Қырымда болып жатқан оқиғалар жайлы шындықты айтқаны үшін аса ауыр жазаға тартты. Осы үшін оған физикалық және психологиялық азап көрсетілді. Біз оның жары Екатеринамен және қызы Стефаниямен қайта қауышқанына қуаныштымыз, бірақ ресейлік биліктің оның отбасына келтірген азабын ұмыта алмаймыз", — деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус.
- 2022 жылы қарашада Украина прокуроры журналист Владислав Есипенконы заңсыз ұстау және азаптауға қатысы бар Ресей федерациясы қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғаған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Еуропа одағы бұл іске қатысы бар алты адамға — екі судья, бір прокурор және екі ФСБ қызметкеріне санкциялар енгізген.
Дамаскідегі католик шіркеуінде мінәжат кезінде жанкешті өзін жарып жіберді

22 маусым күні Дамаскідегі әулие Илия грек-католик шіркеуінде жарылыс болды. Куәгерлердің айтуынша, діни рәсім кезінде ғимарат ішінде жанкешті өзін жарып жіберген. Жарылыс алдында ол шіркеуге жиналған адамдарға оқ атқан.
Жексенбі кешіндегі мәлімет бойынша, 20 адамның қаза тауып, ондаған адам жараланған деп жазды Reuters агенттігі. Сирияның мемлекеттік САНА агенттігінің хабарлауынша, билік бұл шабуылға көптеген елде террористік ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" тобының қатысы бар деп мәлімдеген.
Бұл оқиға 2024 жылғы желтоқсанда Сирияда Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін Дамаскіде жасалған алғашқы жанкештілік шабуыл болды.
АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды

22 маусымға қараған түні АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды. Суреттерден нысан орналасқан тау массиві, кешеннің сыртқы бөлігі мен туннельге кіреберіс бүлінгені көрінеді.
Дегенмен нысанның қаншалықты бүлінгені әзірге белгісіз.
Бұған дейін Иран мемлекеттік телерадиокешені басшысының орынбасары Хасан Абедини Иран билігі үш ядролық нысаннан соққы жасалмай тұрып материалдарды алып кеткенін мәлімдеген.
"Байытылған уран қоры ядролық орталықтан әкетілген, ол жақта ешқандай материал қалған жоқ. Егер оларды нысанаға алған болса, радиация тарап, отандастырымызға зиян келтіруі мүмкін еді" деді Хасан Абедини. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.
Иран парламентінің кеңесшісі Мехди Мохаммад Тегеран Фордоға соққы жасалатынын алдын ала сезіп, ондағы мамандары мен материаларды көшіргенін айтты. Оның сөзінше, шабуылдың салдары аса ауыр емес.
Спутниктен бақылау жасау қызметін көрсетін Maxar компаниясы соққыға дейін екі күн бұрын Фордо зауыты аумағында көліктердің ерекше көп екенін тіркеген. Бұл кәсіпорыннан байытылған уран тасымалданғанын дәлелдеуі мүмкін.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) АҚШ соққысынан кейін Иран аумағында жоғары радиация тіркелмегенін мәлімдеді.
NBC News: АҚШ Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр

Президент Дональд Трамп әкімшілігі Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр. Алдағы 48 сағат ерекше күрделі болмақ. Бұл жөнінде Пентагон мен Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген NBC News жазды.
Дереккөздердің айтуынша, Иран АҚШ-тың сырттағы ядролық нысандарын нысанаға ала ма әлде ел ішіндегілерін көздей ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Американың әскери базалары бірнеше айдан бері жоғары әскери дайындық режимінде. Бірақ Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, алаңдаушылық 13 маусымда Израиль Иранға қарсы әскери қимыл бастаған кезде күшейген.
Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ бейбіт ядролық бағдарлама нысанына шабуылдап, ядролық қаруды таратпау режимі мен халықаралық құқықты өрескел бұзды деп мәлімдеді.
"Бүгін таңертеңгі болған оқиға – бассыздық. Оның салдары ұзаққа бармақ. БҰҰ-ның әрбір мүшесі осы аса қауіпті, заңсыз, қылмысқа алаңдауы керек" деп жазды Аракчи X желісінде.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі АҚШ соққысына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды.
Америка әскері 22 маусымға қараған түні Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы үш ядролық нысанына шабуылдаған. Фордоға B-2 жойғыш ұшағы шабуылдаған, олар алты ауыр бомба тастаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп барлық нысандар жойылғанын мәлімдеп, Тегеранды келіссөзге шақырды. Иран билігі шабуыл болғанын растап, Фордодағы нысан соққы болмай тұрып эвакуацияланғанын хабарлады. Әзірге ядролық нысандардың қаншалықты бүлінгені жөнінде тәуелсіз дереккөзден ақпарат жоқ.
Астанада жеңіл моторлы ұшағы апатынан екі адам қаза болды

22 маусымда сағат 11:30 шамасында Астананың Жоламан аэродромы маңында оқу-жаттығу кезінде TL-2000 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері - екі адам қаза болды.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Ұшақ жеке тұлғаға тиесілі болған.
"Көлік министрлігіне қарасты көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті қызметкерлері авиациялық оқиғаға орнына барады" деп жазылған ресми хабарламада.
Украинада Ресей әскері соққысынан екі адам қаза болды

Ресей әскері жексенбі, 22 маусымға қараған түні Украинаға әуеден соққы жасады. Нәтижесінде кемінде екі адам қаза болған. Жараланғандар да бар. Донецк облысының Славянск еллді мекенінде 17 жастағы жасөспірім қаза болған, тағы үш адам жараланған. Ондаған азаматтық инфрақұрылым нысаны бүлінді деп хабарлады Донецк облысы әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин.
"Славянскіде 17 жастағы бозбала қаза болды, үш адам жараланды. 32 жеке үй, 2 әкімшілік ғимарат, 4 көп қабатты тұрғын үй, өндіріс ғимараттары, 3 көлік бүлінді" деп жазды Филашкин өзінің телеграм-арнасында.
Сенбі күні кешке Ресей әскері Донецк облысы Краматорскідегі көп қабатты тұрғын үйге соққы жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер бар, үйінді астында кемінде бір адам болуы мүмкін.
Ал Харьков облысының Старый Салтов елді мекенінде Ресей әскері соққысынан ер адам қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.
NYT: Аятолла Хаменеи өзі қаза болған жағдайда орнын кім басатынын айқындап қойған

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өзі қаза болған жағдайда өзінің орнын басатын үш үміткерді айқындап қойған.
Бұл жөнінде Тегерандағы дереккөздерге сүйенген New York Times жазды. Мақала авторларының тұжырымдауынша, Хаменеи рухани көсем қызметінен үміткер үш адам мен әскерді басқара алатын қолбасшылар тізімін әзірлеп қойған.
“Қазір ел соғыс жағдайында отыр, аятолла биліктің жылдам, ретті түрде ауысқанын қалайды және өзінің мұрасын сақтап қалғысы келеді” деп жазылған мақалада.
Соғыс басталғалы бері Хаменеи екі рет алдын ала жазылған видео мәлімдеме жасаған. Әдетте ол Тегеран орталығындағы күзеті күшті кешенде отырады және уағыз айту сияқты жағдайларда ғана ғимараттан шығады.
Осыған дейін ақпарат құралдары Әли Хаменеи күзеті күшті ерекше құпия орынға ауыстырылғанын жазған.
Израиль Әли Хаменеиді нысанаға алғанын жоққа шығармаған.
Иран Израильмен қақтығыс басталғалы бері кемінде 430 адам қаза болғанын хабарлады

Иран денсаулық сақтау министрлігі Израильмен қақтығыс басталғалы бері кемінде 430 адам қаза болып, тағы 3500 адам жарақаттанғанын хабарлады.
Иран кейінгі бірнеше күнде алғаш рет қаза болғандар туралы мәлімет айтып отыр.
Бұған дейін Иран 224 адам қаза болғанын хабарлаған. Ал Иран белсенділерінің АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ұйымының есебінше, Иранда шабуылдан 263 бейбіт тұрғын, 154 қорғаныс қызметкерлері және нақтыланбаған 224 адам қаза болған.
Бұған қоса, 1300-ден аса адам жараланғаны айтылды. Ұйым бұл статистика ресми деректер мен жергілікті ақпараттар негізінде жасалды дейді.
Израиль Ирандағы бейбіт азаматтардың қазасына қатысты мәліметке түсініктеме бермеді.
Израильдің ресми дерегі бойынша, Иранның шабуылынан 24 адам қаза тапқан. Тель-Авивтің мәліметінше, 13 маусымнан бері Иран Израильге 400 ракетамен шабуылдаған.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандары мен ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Шабуыл кезінде бейбіт азаматтар да қаза болған. Содан бері екі жақ бір-біріне алма кезек соққы жасап келеді. Иран сыртқы істер министрлігі 16 маусымдағы мәлімдемесінде ядролық бағдарлама тек азаматтық мақсат көздейді дегенді қайталаған.
Мұрат Боранбаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Қайрат Боранбаевтың бауыры Мұрат Боранбаев келтірген шығынды толтырып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бас прокуратураға қарасты активтерді қайтару жөніндегі комитет Қазақпаратқа жіберген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген.
Комитеттің айтуынша, 2024 жылы желтоқсанда Мұрат Боранбаев активтерді қайтару жөніндегі комитетке барған. Өз кінәсін мойындап, заңсыз алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімге қол қойған.
Алматының Алмалы аудандық соты биыл ақпан соңында Мұрат Боранбаевты “кінәні мойындау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісім шарттарын орындағандықтан” оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Бір күн бұрын оның былтыр желтоқсанда ұсталғаны белгілі болған еді.
Мұрат Боранбаев 2017 жылы Алматыдағы тұрақтардың операторы Alan parking компаниясына жетекшілік еткен. 2022 жылы ақылы тұрақтар қала меншігіне қайтарылып, ҚМА Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған. Ол Алматыдағы ақылы тұрақтар ісі бойынша күдікке ілінген.
2021 жылы желтоқсанда бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы AlanParking-тің 30% үлесін сатып алған. 2022 жылы AlanParking-тің бас директоры Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков қамалды. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
Сол жылы сәуірде Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды қала меншігіне қайтару туралы қаулы шығарған. Осылайша "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясының 70% және Alan Parking 100% қала меншігіне қайтарылды.
Бір жылдан кейін сот Марат Пірінбековті – 5 жылға, Мұхтар Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол кезде айыпталушылар мемлекетке 436 млн теңге көлемінде шығып келтіргені хабарланған.
Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілді. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан.
Қырғызстан СІМ: АҚШ-та туристік және студенттік виза талаптарын бұзған қырғыз азаматтары көбейді

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, кейінгі жылдары туристік (B1/B2) және студенттік (F, J, M) визаларды қоса алғанда, визалық тәртіпті бұзған қырғыз мигранттарының саны артқан. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 20 маусымда мәлімдеме жасап, АҚШ-тағы азаматтарын заңдарды қатаң сақтауға шақырды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Министрлік виза режимін сақтамаудың теріс салдары болуы мүмкін екенін және "ол ереже бұзушылар ғана емес, АҚШ-қа барғысы келетін басқа азаматтар үшін де виза алуды қиындататынын атап өткен".
Дипломатиялық мекеме АҚШ-пен виза және көші-қон мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ өзге 36 елмен қатар Қырғызстан азаматтарының да өз аумағына кіруіне тыйым салуы мүмкін екенін мәлімдеген. 15 маусымда АҚШ мемлекеттік департаментінің хатына сілтеме жасаған Washington Post басылымы Қырғызстан, Мысыр, Джибути, Камерун, Нигерия, Сирия, Танзания және Африка, Кариб теңізі және Тынық мұхитындағы басқа да елдер тізімде барын жазған.
14 маусымда тізімдегі елдермен жұмыс істейтін дипломаттарға мемлекеттік хатшы Марко Рубио қол қойған хат табыс етілген. Онда бұл елдерге Вашингтонның жаңа талаптарын орындау үшін 60 күн берілетіні айтылған.
Сыртқы істер министрлігі 16 маусымда АҚШ-тан бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме алмағанын және тізімнің қалай жасалғаны Қырғызстанға «түсініксіз» екенін айтты. Агенттік мәселені талқылау үшін АҚШ елшілігінің консулын шақырған.
18 маусымда Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Айбек Молдоғазиев АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайммен де осы мәселелерді талқылады.
ПІКІРЛЕР